Вы здесь: НовостиҚұрметке лайық қос маман (Ақтөбе газеті)

Құрметке лайық қос маман (Ақтөбе газеті)

  

Мемлекеттік қызметшілердің білімді, білікті, жауапкершілігі мол, тәжірибелі, қызметіне адал және әділ болуы керектігі — басты талаптардың бірі. Осындай қасиеттерді бойларына жинақтап,  ұзақ жылдар бойы осы  салада қызмет жасап келе жатқан қызметкерлер қатарында Жаңылдық Омарова мен Дәмелі Сатаеваны атауға болады.  

Жаңылдық Әбілжанқызы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Фармация комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінде жетекші маман лауазымынан департамент басшысының орынбасары деңгейіне дейін көтерілді. Ол 1981 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтының фармацевтикалық факультетін  бітіріп, Шалқар аудандық орталық дәріханада еңбек жолын бастайды. Ол кезде аудандық дәріхана бүкіл ауданның халқын дәрілік заттармен қамтамасыз ететін. Өз қызметін дәріханада бас инспектор лауазымынан бастап дәріхана менгерушісінің орынбасары, дәріхана меңгерушісі қызметтерін атқарды.

Білікті маман өз қызметіне аса жауапкершілікпен қарап, халықты қауіпсіз, сапалы және тиімді дәрілік заттармен қажетті көлемде қамтамасыз ету, оларды дұрыс қолдану мен қабылдау, дәрілік заттардың сапасының халықаралық стандартқа  сәйкестігінің енгізу   мәселелері бойынша көп жұмыс атқарды. Жас мамандарға тәлімгерлік етіп, өз білімімен бөлісті. Кәсіби білімін уақтылы жетілдіріп, Дания, Украина елдерінің озық тәжірибелерін үйреніп, өз жұмысында іс жүзінде пайдаланды. Оның адал еңбегі бағаланып,  Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан Алғыс хат, Құрмет грамотасымен және «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін»  төсбелгісімен марапатталды.

Дәмелі Сатаева облыстық департаментте қаржы-экономикалық, кадр мәселелері бойынша бас маман қызметін атқарады. Ақтөбе қаласындағы кооперативтік техникумын  аяқтап, ол өз еңбек жолын Қобда ауданындағы «Жарық» кеңшары жұмысшылар кооперативінде  бухгалтер болып бастап, аудан әкімшілігінде, Ақтөбе қалалық әкімдігі қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде қызмет атқарған.

Қызметіне адал, әрдайым ашық-жарқын болып жүретін Дәмелі Сәрсенбіқызы  жөн сұрап келген адамға ақыл-кеңесін айтып, бағыт сілтеп отырады. Қызмет барысында әріптестеріне талап қойып, жұмысқа жауапкершілікпен қарау керектігін нұсқайды. Оның атқарған жұмысы бағаланып, Денсаулық сақтау министрлігінің Алғыс хатымен, Құрмет грамотасымен, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай төсбелгісімен марапатталды.

Екі маман да ұл-қыз өсіріп, немере сүйіп отырған жар, аяулы ана, мейірімді әже.

Мемлекеттік қызмет басқа қызмет түрінен жауаптылығымен, қатаң талап қоюымен ерекшеленеді. Сондықтан мемлекеттік қызметші болу — мәртебелі міндет. Ал мемлекеттік қызметкер өз қызметіне адал болуы керек. Олар өз ойларын осылай тұжырымдайды.

— Халыққа қалтқысыз қызмет көрсетіп, елінің болашағы үшін алаңдайтын, өз саласында абыройлы еңбек етіп жүрген мемлекеттік қызметшілер Жаңылдық Омарова және Дәмелі Сатаева деп білеміз.  Оларға мемлекеттік қызметші күні қарсаңында  зор денсаулық, қажымас қайрат, отбасына амандық тілей отырып, мемлекеттік қызметшінің имиджін жоғары ұстап, халыққа адал енбек атқаруына тілектеспіз, — дейді Фармация комитетінің Ақтөбе облысы  бойынша  департаменті басшысы Р.Құбатаев.

Н.ЖАНӘДІЛОВ.
Ақтөбе газеті. 73 номір 2017 ж.